Түркістан облысы Шардара ауданы Б.Соқпақбаев атындағы жалпы білім беретін мектебінде бейіндік оқыту және кәсіби бағдар беру жұмыс жоспарына сәйкес 9-сынып ата-аналарына арналған "Мамандық таңдауда ата-ананың ықпалы қандай?" тақырыбында ата-аналар жиналысы өтті. Жиналыстың негізгі мақсаты – ата-аналарға балаларының мамандық таңдауына дұрыс бағыт-бағдар беруге көмектесу, кәсіби бағдар беру жұмыстарының маңыздылығын түсіндіру және оқушылардың болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға ықпал ету.
Іс-шара барысында кәсіби бағдар беру педагогы Р.Сопбекова ата-аналарға мамандық таңдау кезінде қандай факторларды ескеру керектігі жөнінде айтып өтті.Сонымен қатар мамандық таңдауға байланысты ата-анаға арналған жадынамамен таныстырды.
Сынып жетекшілері Б.Бегманова мен М.Митанова әр оқушының оқу үлгерімі мен жеке қызығушылықтарына тоқталып, ата-аналармен пікір алмасты. Сонымен қатар, қазіргі еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпарат берілді.
Жиналыс соңында ата-аналарға келесі оқу жылында оқушылардың қабілетіне қарай қоғамдық-гуманитарлық, жаратылыстану-математикалық бағытқа бөлініп оқытылатыны туралы егжей-тегжейлі түсіндірілді. Жиналыс барысында ата-аналар мамандық таңдаудағы өз жауапкершілігін түсініп, балаларына қолдау көрсету жолдары туралы кеңестер алды. Мектеп пен ата-аналар арасындағы тығыз байланыс оқушылардың өз болашағына дұрыс қадам жасауына көмектеседі. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.