2025 жылдың 2 сәуірінде Б. Соқпақбаев атындағы жалпы білім беретін мектебінде Көкшетау жоғары техникалық колледжінің мамандары 9 - 10 сынып оқушыларымен кездесу өткізді. Кездесуге колледждің кәсіби бағдар бөлімінің басшысы Ибраев Бауыржан және тігін өндірісінің шебері Қадырбекова Фариза келді.
Іс - шараның басты мақсаты: 9 - 10 сынып оқушыларына кәсіптік бағдар беру, болашақ мамандық таңдауына көмектесу және Көкшетау жоғары техникалық колледжінде ұсынылатын мүмкіндіктер туралы ақпарат беру болды. Мамандар колледждің білім беру бағдарламалары, оқыту жүйесі, өндірістік тәжірибелер және болашақ түлектерге ұсынылатын мүмкіндіктер туралы жан - жақты мағлұмат берді.
Биыл жұмысшы мамандықтар жылы болғандықтан оқушыларға техникалық және кәсіптік білімнің маңыздылығы, қазіргі еңбек нарығындағы сұранысқа ие жұмысшы мамандықтары туралы баяндады. Сонымен қатар, ол колледжде студенттерге ұсынылатын жеңілдіктер мен қолдау түрлері туралы айтып өтті және де тігін өндірісі мамандығының ерекшеліктерімен таныстырып, осы салада жетістікке жету жолдарын түсіндірді. Оқушыларға практикалық дағдылардың маңыздылығы туралы айтып өз тәжірибесімен бөлісті.
Кездесу барысында оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, колледж мамандарынан қажетті ақпарат алды. Бұл шара мектеп түлектері үшін пайдалы болып, олардың болашақ мамандық таңдауына оң әсерін тигізді.