Қауіпсіз балалық шақ – ортақ міндет
Бүгінгі қоғамның басты мақсатының бірі – өсіп келе жатқан жас ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларға қолайлы, тыныш және сенімді орта қалыптастыру. Осы бағытта еліміз бойынша жүйелі түрде жүзеге асып келе жатқан «Қауіпсіз балалық шақ» жобасы балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауға негізделген маңызды бастамалардың бірі.
Б. Соқпақбаев атындағы жалпы білім беретін мектебінде аталған жобаның аясында бірқатар мазмұнды жұмыстар атқарылып жатыр.Мектеп әкімшілігі, мұғалімдер, психологтар, әлеуметтік педагогтар сондай-ақ, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар бірлесе отырып, оқушылар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, қауіп деңгейін төмендету және қауіпсіз орта қалыптастыру бойынша тұрақты жұмыс жүргізуде.
Күнделікті бақылау – қауіпсіздіктің негізі: жоба аясында мектеп оқушыларының мектепке келу және үйіне қайту жолдарына тұрақты түрде мониторинг жасалды. Қараусыз қалған немесе қауіпті нысандар жоқ екенін анықталды. Мектеп орналасқан Ө.Түгелбаев көшесі жарықпен қамтамасыз етілген. Мектеп аумағында кезекшілік күшейтіліп, оқушылардың сабақтан тыс уақыттағы қауіпсіздігі назарда ұсталып отыр.
Түсіндіру жұмыстары – қауіпсіздікке бастар жол:
03.12.2025ж күні Түркістан облыстық прокурорының орынбасары Тлемисов Даулет Бекбашұлы оқушылармен тікелей эфир форматында кездесу өткізді. Эфир барысында балалардың құқықтық қауіпсіздігі мен құқықтарының қорғалуы туралы толық түсіндірме берді. Ата-аналардың бала алдындағы заңды жауапкершілігін тілге тиек етіп, оқушылар мен ата-аналардың құқықтық мәдениетін көтеруге бағытталған ұсыныстар айтты.
Мектепте учаскелік инспекторлар мен төтенше жағдайлар қызметкерлерінің қатысуымен жол қозғалысы ережелері, интернеттегі қауіпсіздік, өрт қауіпсіздігі, төтенше жағдай кезіндегі дұрыс әрекет ету сияқты маңызды тақырыптар бойынша ақпараттық кездесулер мен дәрістер өткізілуде.
Сонымен қатар, мектеп директоры Н. Т.Сариев оқушылармен арнайы кездесу ұйымдастырып, қауіпсіздік ережелерін сақтау, тәртіп пен жауапкершілік, мектеп ортасында өзара құрметті қарым-қатынас туралы маңызды ойларымен бөлісіп отырады.
Қауіпсіз балалық шақ – тек мектептің емес, ата-ананың, қоғамның және мемлекеттік органдардың ортақ міндеті. Осы бағыттағы бірлескен жұмыстардың арқасында балалардың жайлы әрі қауіпсіз ортада тәрбиеленуіне жағдай жасалып отыр.
Балалар – біздің болашағымыз. Олардың әрқайсысының дені сау, білімді, қауіпсіз ортада өсуі – елдің дамуы мен өркендеуінің кепілі.
Б.Соқпақбаев атындағы ЖББМ тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары: Нұрболат Жиенбекұлы
