Прокуратура өкілдері мектептерде оқушылармен кездесулер өткізуде 2025 жылғы 7-сәуір күні Түркістан облысы, Шардара аудандық білім бөліміне қарасты Б. Соқпақбаев атындағы жалпы білім беретін мектебінің 9-11 сынып оқушыларымен «Дұрыс таңдау — жарқын болашақ!» тақырыбында аудан прокуратурасының аға прокуроры С. Ильясұлы мен С.Бақтыбайұлы және әдістемелік кабинет меңгерушісі Н.Жұман құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында кездесу ұйымдастырды.
Кездесу барысында оқушыларға жалпы қауіпсіздік ережелері, соның ішінде жолда жүру ережелері, мотоцикл мен квадрацикл міну қауіпсіздігі, түнгі мезгілде көшеде жүрмеу және зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, ұсақ құқық бұзушылықтардың түрлері мен олардың зардаптары туралы айтылып, оқушыларға заң бұзушылықтың ауыр салдары туралы бейнероликтер көрсетілді.
Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың артуы мәселелері талқыланып, заң бұзушылықтар болған жағдайда қандай шаралар қолданылатыны жайлы кеңестер берілді. Оқушылардан сауалнамалар алынып, олардың құқықтық сауаттылығы арттырылды. Прокурорлар ойыннан от шығатынын ескертіп, осындай заңсыз әрекеттерден аулақ болуға шақырды.
Кездесуге қатысқан әкелер кеңесінің төрағасы Т.Сахов өз пікірінде, осындай алдын алу шаралары барлық мектеп оқушыларына өткізілуі тиіс екенін атап өтті. «Көптеген оқушылар заңды білмей, қателікке ұрынады. Осының нәтижесінде тек олар ғана емес, ата-аналары мен мектеп ұжымы да зардап шегеді», — деп атап өтіп, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Прокурорлар кәмелеттік жасқа толмағандар арасында түсіндіру жұмыстарын жалғастыратынын мәлімдеді.