Бүгінгі таңда жасөспірімдерге мамандық таңдау-маңызды әрі жауапты кезеңдердің бірі. Бейіндік оқыту және кәсіби бағдар беру жұмыс жоспарына сай 2024 жылдың 27 қараша күні Шардара аудандық орталық емханасына мектебіміздің 9"А"сынып оқушылары сынып жетекшісі М.Митановамен бірге саяхат жасады. Бұл шара оқушылардың медицина саласына деген қызығушылығын арттырып, олардың болашақ мамандықтарын саналы түрде таңдауына ықпал етуді көздеді.Саяхат барысында оқушыларды емхананың тәжірибелі мамандары қарсы алып, мекеменің негізгі қызметтерімен таныстырды. 1.Таныстыру экскурсиясы. Оқушылар емхананың әр бөлімін аралап, тіркеу бөлімі, терапия, педиатрия, зертханалық диагностика және басқа да қызмет түрлерімен танысты. 2.Мамандықтар бойынша таныстыру. Емхананың балалар дәрігері Н.Разиева оқушыларға медицина саласындағы негізгі мамандықтар туралы толық ақпараттар берді. Әр мамандықтың( кардиолог, терапевт, хирург және лаборант сияқты) ерекшеліктері түсіндіріліп, олардың күнделікті жұмыстары қалай ұйымдастырылатыны көрсетілді. 3.Тәжірибелік сабақ. Шараның ең қызықты бөлімі ретінде оқушылар қарапайым медициналық құрал-жабдықтарды қолдану тәсілдерін көріп, кейбірін өздері байқап көрді. Қан қысымын өлшеу, алғашқы көмек көрсету дағдылары көрсетіліп, оқушылардың белсенді қатысуы қамтамасыз етілді. 4.Кәсіби бағыт-бағдар беру кеңесі. Кездесу соңында жоғары тәжірибелі дәрігер Тажибекеева Анар Садуахасовна оқушыларға медицина саласына түсу үшін қандай пәндерге баса назар аудару керектігі, медициналық оқу орындарына қабылдау шарттары және мамандықтың артықшылықтары мен қиындықтары туралы жан-жақты ақпарат берді. Бұл саяхат оқушылардың мамандық таңдауға деген қызығушылығын оятты. Көпшілігі медицина саласына түсуге ниет білдіріп, емхана қызметкерлерінен шабыттанғанын айтты. Мұндай кездесулер оқушыларға өз болашақтарын нақты жоспарлауға және қоғамға пайдалы маман иесі болуға деген құлшынысын арттыратыны сөзсіз. Аудандық емхана мен мектептің ынтымақтастығы алдағы уақытта жалғасын табады деп сенеміз.Бұл шара -оқушылар үшін мамандық таңдаудағы алғашқы маңызды қадам болмақ. Емханаға саяхаттау мақсаты – оқушыларға медицина саласының маңыздылығын түсіндіру, түрлі мамандықтармен таныстыру және олардың болашақта мамандық таңдауына көмектесу. Сонымен қатар, бұл шара жасөспірімдердің медицинаға деген қызығушылығын арттырып, олардың өз қабілеттерін анықтауға мүмкіндік береді.