Түркістан облысы, Шардара аудандық білім бөліміне қарасты Б.Соқпақбаев атындағы білім беретін мектеп ұжымы, 2024 жыл 19 сәуір күні қазақ балалар әдебиетінің классигі, жазушы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығын "Ақиқаттан аттамаған қаламгер" тақырыбында аудан көлемінде атап өтті. Бердібек Соқпақбаевтың аты мектебімізге 2002 жылы берілді. Қарымды қаламгердің есімі мектебімізге берілуі, содан кейін үлкен ғимаратқа ауысуы да, жазушыға деген үлкен құрмет. Өз заманында халықтың ыстық ықыласы мен сүйіспеншілігіне бөленген жазушының 100 жылдық мерей тойы ЮНЕСКО көлемінде тойлануы да, қуантарлық жайт. Бердібек атамыздың кітаптарын оқып, өлеңдерін жаттаған оқушыларымыздың, білімге құлшынысы ерекше екенін атап өткіміз келеді.
Бүгінгі іс-шара қонақтарды «Менің атым Қожа» фильмі кейіпкерлеріне негізделген көрмемен бастау алып, Г.Айдарованың ұйымдастыруымен «Тау тұлғалы тарлан» тақырыбындағы көрмемен жалғасын тапты. 5 сынып оқушыларымен М.Сугурбаеваның ұйымдастыруымен «Менің атым Қожа» повесі тақырыбында ашық сабақ, 10 сынып оқушыларымен Б.Бегманованың ұйымдастыруымен «Өзін жазып, өзгені ойландырған...» тақырыбында дебет ұйымдастырылды. Сондай – ақ, 4 сынып оқушыларымен С.Есқараеваның ұйымдастыруымен «Балалық шаққа саяхат» повесіне негізделген тәрбие сағаты, 8 сынып оқушыларымен Ж.Бұрханованың «Жекпе- жек» повесіне негізделген ашық сабағы болып өтті. Ашық, тәрбие сабақтар қонақтардың көңілінен шығып, ұстаздарымыз алғысқа бөленді. Іс - шараны ретроспективалық сұхбат түріндегі сырласу кеші жалғастырды. Бердібек атамызбен сұхбаттасқан оқушыларымыз көкейдегі біраз сұраққа жауап алғандай болды. Кеш өте жоғары дәрежеде өз мәресіне жетті. Кешімізге Өрлеу кәсіби даму институтының аға оқытушысы Матекова Бахтигуль Темирхановна, Аудандық кәсіп одақ ұйымының жетекшісі Ұлықбек Жұман, мектебімізде көп жылдар бойы қызмет еткен ардагер ұстаздарымыз қатысып, мектеп ұжымына, мектеп директоры Еркінәлі Дүйсенбекұлына ізгі тілектерін айтып, ыстық ықыластарын білдірді. Кешегі күн-бүгінгі тарих демекші, мектеп ұжымының ынтымағы, татулығы, бірлігі арқасында мерейтой жоғары дәрежеде өтті.
Білім көшін жылжытып келе жатқан ұстаздар қауымына, қабілетті оқушылар мен өз қызметтеріңізде шығармашылық өрлеу тілейміз. Шәкірттеріңіз Бердібек атамыз секілді тура жолдан таймай, шыншыл, елімізге адал болып өсе берсін.